kk
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы - 1:2.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізгі сипаттамасы
Мемлекеттік Елтаңба қазақ халқының тарихын, мәдениетін, гуманистік дәстүрлерін және руханилығын, жайдарлығын, бостандық сүйгіштігін және ақжүректілігін білдіреді. Мемлекеттік Елтаңба Қазақстан Республикасында тұрып жатқан барлық ұлттар мен үлыстардың жарқын болашағына бағытталған Қазақстан Республикасында тұратын барлық ұлттар мен халықтың бейбітшіл дәстүрлері мен ынтымақтастығын, олардың бірлігі мен тұтастығын бейнелейді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде "QAZAQSTAN" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ "QAZAQSTAN" деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимнінің мәтіні